ЛИДОКАИН-DF сыртқа және жергілікті қолдануға арналған спрей, 10 %, 38 г

ДӘРІГЕРДІҢ РЕЦЕПТІ БОЙЫНША

Фарм.тобы: Анестетиктер

 

dwldДәрілік затты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық

Құрамы:

Бір құтының ішінде

белсенді зат - 3,8 г лидокаин (бір дозада 4,8 мг),

қосымша заттар: бұрыш жалбыз майы, пропиленгликоль, этанол (96%)

Дәрілік түрі

Сыртқа және жергілікті қолдануға арналған спрей, 10 %, 38 г

Фармакотерапиялық тобы

Анестетиктер. Жергілікті анестетиктер. Амидтер. Лидокаин

АТХ коды N01B В02

Қолданылуы

Лидокаин-DF спрейі тері немесе шырышты қабықтардың анестезиясына қажет барлық жағдайларда қолданылады.

Стоматологиялық емшаралар және операциялар

  • инъекциялық жергілікті анестетиктерді енгізер алдында инъекция орнының анестезиясында
  • беткейлік абсцестерді ашу операцияларында
  • қозғалып тұрған сүт тістерді жұлу немесе сүйек фрагменттерін алып тастауда
  • шырышты қабат жарақатынан тігісті алуда
  • бекітетін тіс қабын немесе көпір тәрізді протезді орнатар алдында қызыл иек анестезиясында
  • тіс тастарын қолмен немесе құралдармен алуда, үлкейіп кеткен тісаралық бүртікті алып (қырып) тастауда
  • бедер түсіру алдында немесе рентген пленкасын (препаратты тек бедер түсірудің иілгіш материалдарымен қолдану керек ; егер бедер түсіру үшін гипс қолданылса аспирация қаупіне байланысты препаратты қолдануға болмайды) қою алдында жоғары жұту рефлексін азайту немесе бәсеңдету мақсатында 
  • балаларда френулотомияда және сілекей бездерінің кистасын ашуда 
  • шырышты қабаттардың беткейлік қатерсіз ісіктерін алып тастауда.

Оториноларингология

  • электрокоагуляция, септэктомия және мұрын қуысы полиптерін алып тастар алдында мұрыннан қан кетуді емдеуде
  • инъекция орнын жансыздандыру және жұту рефлексін бәсеңдету үшін
  • перитонзиллярлы абсцесті ашу немесе жоғарғы жақ қойнауы пункциясының алдында қосымша анестезия ретінде
  • мұрын қойнауларын шаю кезіндегі анестезия үшін.

Эндоскопия және аспаптық зерттеу әдістері

  • мұрын немесе ауыз арқылы әртүрлі түтіктерді енгізер алдында (гастро-дуоденальді зонд немесе Сенгстакен зонды) жұтқыншақ анестезиясында
  • трахеотомиялық түтікті алмастыру жағдайында

Гинекология және акушерство

  • эпизиотомия жасау үшін бұтаралық операцияларда
  • тігістерді алып тастау
  • қынап және жатыр мойнына операцияда айнала тіндердің анестезиясында
  • қызперденің жыртылуын немесе тігіс абсцесін кесіп алып тастау және өңдеу үшін.

Дерматология

  • кіші хирургиялық операциялар кезінде тері немесе шырышты қабықтардың анестезиясында

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • лидокаинге немесе препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық
  • бедерді дайындау үшін гипс пайдаланғанда аспирация қаупіне байланысты Лидокаин-DF спрейін қолдануға болмайды.

Қолдану тәсілі және дозалары

Жергілікті және сыртқа қолдануға арналған спрей. Препарат дозасы жансыздандырылатын беткейдің көрсетіліміне және өлшеміне байланысты. Клапанға бір басу 4,8мг лидокаиннің бөлінуімен жүреді. Уытты әсерлерін және сіңірілуін алдын алу үшін Лидокаин-DF қажетті жансыздандырумен қамтамасыз ететін ең төмен дозада қолдану керек. Әдетте клапанға 1-3 басу жеткілікті, бірақ акушерствода олардың саны 15-20 жетуі мүмкін (70 кг дене салмағына ең көбі - 40 басу).

Әртүрлі қолдану саласындағы ұсынылған дозалары:

Қолдану саласы Дозасы (клапанға басу саны)
Стоматология 1-3
Стоматологиялық хирургия 1-4
Оториноларингология 1-4
Эндоскопия 2-3
Акушерство 15-20
Гинекология 4-5
Дерматология 1-3

Суланған дәке тампонмен препаратты үлкен беткейлерге қолдануға болады.

Балалар

Лидокаин-DF, спрейді балаларға дұрысы жағу әдісімен (дәке тампонымен) қолдануға болады, бұл препаратты бүріккен кезде қорқып қалудан, сондай-ақ педиатриядағы әдеттегі жағымсыз әсері күйдіріп алудан сақтайды. Осы әдіспен препаратты 2 жасқа дейінгі балаларда қолдануға болады..

Жағымсыз әсерлері

Мүмкін:

  • Лидокаинді жергілікті қолданған кезде жергілікті жансыздандыру әсері дамуына қарай (1 минуттан кейін) қайтатын, орташа күйдіру және шаншу сезімі
  • қайтымды эритема, ісіну, препарат жаққан жерде сезімталдықтың бұзылуы

Өте сирек:

  • есекжем, ангионевроздық ісіну, бронх түйілуі, ал өте ауыр жағдайларда – шок (жоғары сезімталдықтың кез келген реакциясы дамыған жағдайда препаратты қолдануды дереу тоқтату керек).

Лидокаин спрейін қолданғаннан кейін жүйелі әсерінің жиілігі өте аз, өйткені қан ағымына түсуі мүмкін белсенді препараттың өте аз мөлшері қолданылады. Үлкен дозасы қолданылған жағдайда, сондай -ақ тез сіңірілгенде, жоғары сезімталдықта, идиосинкразияда, препараттың көтерілімділігі нашар болғанда, өте сирек жағдайларда келесі жағымсыз әсерлер байқалуы мүмкін:

  • орталық жүйке жүйесінің қозу немесе бәсеңдеу симптомдары (жүйке қозуы, бас айналуы, ұйқышылдық, түйілулер, естен тану және тыныс алудың салдануы)
  • гипотензия, миокард функциясының бәсеңдеуі, брадикардия, жүректің тоқтап қалуы.
  • бронх түйілуі, тыныс алу бұлшықеттерінің салдануы, тамақтың ауыруы, дауыстың қырылдауы.

Артық дозалануы

Симптомдары: «Жағымсыз әсерлері» бөлімінде сипатталған, жүрек-қантамыры және орталық жүйке жүйесі жағынан қызметтердің бұзылуы.

Емі: тыныс жолдарының өткізгіштігіне көз жеткізіңіз, қажет болғанда оксигенотерапия және/немесе өкпені жасанды желдетуді тағайындау керек. Бірлі-жарым түйілулерде барынша дереу 50-100мг сукцинилхолинді және/немесе 5-15 мг диазепамды енгізу керек. Сукцинилхолин тыныс алудың тоқтап қалуын туындатуы мүмкін болғандықтан, ол тек трахеяны интубациялау және тыныс алу бұлшықеттерінің салдануымен науқастарды емдеу тәжірибесі бар мамандармен ғана қолданылуы мүмкін.

Қысқа мерзімге әсер ететін барбитур қышқылының туындысын (тиопентал-натрий) да қолдануға болады. Жүрек-қантамыры жүйесі жағынан (брадикардия, өткізгіштіктің бұзылуы) симптомдарды қайтару үшін атропин (0,5-1мг венаішіне) және симпатомиметиктер қолданылады. Жүрекше фибрилляциясында және жүрек тоқтап қалғанда реанимациялық емшаралар қажет болады.

Жүктілік және лактация кезеңі

Лидокаин-DF, спрейді ол ұсынылған дозада қолданғанда қауіп төндірмейтін болғандықтан жүктілік кезінде қолдануға болады.

Лидокаин емшек сүтімен бөлінеді, алайда әдеттегі емдік дозада қолданғанда оның емшек сүтімен бөлінетін мөлшері емшектегі балаға зиянын тигізу үшін өте аз болып табылады.

Айрықша нұсқаулар

Спрейді қолданғанда құтыны тігінен ұстау керек.

Лидокаин-DF, спрейдің көзге және тыныс алу жолдарына түсуін (аспирация қаупі) болдырмау керек. Препаратты жұтқыншақтың артқы жағына бүрку аса сақтықты талап етеді. Препаратты эпилепсиямен науқастарда, сондай-ақ брадикардия, жүректе өткізгіштіктің бұзылуында, бауыр қызметінің бұзылуында және ауыр шокта, әсіресе тіндердің үлкен бөлігін жоғары дозамен өңдегенде препараттың айтарлықтай мөлшерінің сіңірілуін күткенде сақтықпен қолдану керек.

Лидокаин шырышты қабаттар (әсіресе трахеяда) және зақымданған тері арқылы жақсы сіңеді. Бұны әсіресе балаларда тіндердің үлкен бөлігін өңдегенде ескеру керек

Шырышты қабаттың бүтіндігі бұзылған жағдайда және/немесе жұқпаланған аймақтарға Лидокаинді қолданғанда сақтық шараларын сақтау керек.

Әлсіреген және егде жастағы пациенттерде, жедел ауруларда, сондай-ақ жасы мен жалпы жағдайын ескере отырып балаларда төмен дозаларды қолдану керек.

Лидокаин порфириногенді әсерге ие, сондықтан оны тек жедел порфириямен пациенттерде жедел көрсетілімдері бойынша қолдануға болады. Лидокаин спрей эндотрахеальді түтіктің (ПВХ/ПВХ емес) пластмасса манжетіне түспеуі тиіс, өйткені лидокаин ұсақ  саңылаулар түзе отырып, оны зақымдауы, бұл манжеттегі қысымның төмендеп кетуіне әкелуі мүмкін.

Препарат құрамында этанол бар. Препарат басқа дәрілік заттардың әсерін өзгертуі немесе күшейтуі мүмкін.

Препарат құрамында пропиленгликоль бар, ол шырышты қабықтың немесе терінің тітіркенуін туындатуы мүмкін.

Педиатрияда қолданылуы

Ұрттың шырышты қабығына жағу, әсіресе балаларда дисфагия және одан кейінгі аспирация қаупімен қатар жүреді. Тіл мен ұрттың шырышты қабығының сезімталдығы бұзылғанда оларды тістеп алу қаупі артады.

Лидокаин шырышты қабық (әсіресе трахеяда) және зақымданған тері арқылы жақсы сіңеді. Мұны балаларда тіннің ауқымды жерлерін өңдегенде ерекше ескерген жөн.

Балаларда барынша төмен дозаларды – жасына және жалпы жағдайына сәйкес қолданған жөн.

2 жасқа дейінгі балаларда Лидокаин-DF, спрейді препаратқа малынған мақта тампонмен жағу ұсынылады.

Препаратты жұтқыншақ пен мұрын жұтқыншақ аймағындағы хирургиялық операцияларда қолданған жағдайда, Лидокаин көмекей мен трахеяға жетіп, жұту рефлексін басады, жөтел рефлексін басады, ол өз кезегінде бронхопневмонияға әкелуі мүмкін.

Бұл әсіресе балаларда маңызды, өйткені оларда жиірек жұту рефлексін туындатады. Осыған байланысты Лидокаин аэрозольді 8 жасқа дейінгі балаларда тонзиллэктомия мен аденотомия алдында жергілікті анестезияда қолдану ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе әлеуетті қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Өте сирек жағдайларда жергілікті анестетиктер дозаға байланысты жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз әсерлерін туындатуы және сонысымен көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер етуі мүмкін.

Шығарылу түрі және қаптамасы

38 г препараттан бүріккіш қақпағы және қорғаныш қалпақшасы бар күңгірт шыны құтыларда. Әрбір құтыға заттаңба жапсырылған. Бір құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 15о С-ден 25о С-ге дейінгі температурада сақтау керек!

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет!

Сақтау мерзімі

4 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Өндіруші

«DOSFARM» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Чаплыгин к-сі, 3

Тіркеу куәлігінің иесі

«DOSFARM» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Чаплыгин к-сі, 3

Осы препаратқа сұрақ қою